«Қызылжар U-21» Талдықорғаннан маңызды үш ұпаймен қайтты!
Екінші лиганың Солтүстік-Шығыс конференциясы аясында өткен 13-турда «Қызылжар» жастар командасы сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісу» ұжымымен кездесіп, тартысты матчта маңызды жеңіске қол жеткізді.
Кездесу біздің ұжым үшін оңай басталған жоқ. Матчтың әне-міне дегенде, яғни 2-минутында-ақ алаң иелері есеп ашып үлгерді. Алайда, бұл гол петропавлдық жастарды жасытқан жоқ. Бірінші таймның аяғына дейін ширақ қимылдаған футболшыларымыз таразы басын өзгерте алды. Алдияр Серікбайдың қосқан үлкен үлесі мен мергендігінің арқасында «Қызылжар» алға шықты — Алдияр бірінші таймда дубль авторы атанды.
Екінші таймның басында қарсылас команда есепті теңестіріп, интриганы қайта тірілткен еді. Дегенмен, матчтың 58-минутында бұрыштамадан әуелеген допты команда капитаны Жантөре Молдабаев қақпаға дәл бағыттап, есепті 2:3-ке жеткізді. Осы гол кездесудегі жеңісті нүкте болып қалды.
Он үш турдың қорытындысы бойынша біздің жастар командасы 22 ұпаймен турнирлік кестеде төртінші орында келеді. Келесі турда «Қызылжар U-21» өз алаңында өнер көрсетеді. 15 шілде күні «Қарасай» стадионында жерлестеріміз Павлодардың «Ертіс» командасын қабылдайды.