«Қызылжар» өз алаңында тең түсті: 27-турдың қорытындысы
18 қыркүйек күні сағат 19:00-де Қазақстан Премьер-Лигасының 27-туры аясында біздің команда өз алаңында кезекті матчты өткізді. Ойын тартысқа толы болып, 1:1 есебімен тең аяқталды.
Бас бапкер бұл кездесуге келесі негізгі құрамды шығарды: Дмитрий Челядник — Артем Черединов, Слободан Урошевич, Александр Нойок, Никита Губарев, Айбол Әбікен, Евгений Макаренко, Стефан Баокен, Лиридон Латифи, Йоаннес Бьорталид, Этьен Бугре.
Матч алғашқы минуттардан бастап біздің команданың қарқынды шабуылдарымен басталды. Кездесудің басында Йоаннес Бьорталидтің тамаша пасынан кейін Стефан Баокен есеп ашатын тамаша мүмкіндікке ие болды, алайда қарсылас қақпашысы өз орнынан табылып, соққыны қайтара білді.
Дегенмен, голдың ауылы алыс емес еді. 23-минутта стандарттық жағдайдан кейін Йоаннес Бьорталидтің айып алаңына асырған добын қарсылас команда ойыншысы Букорац өз қақпасына кесіп жіберді (автогол). Осылайша, командалар үзіліске 1:0 есебімен, «Қызылжардың» басымдығымен кетті.
Екінші тайм басталысымен қонақтар таразы басын теңестіру үшін бірден алға ұмтылды. Ойынның екінші бөлігінде қорғаныста сенімді ойнағанымызбен, матчтың соңына таман, дәлірек айтсақ 85-минутта қарсыластар қақпамыздан саңылау тауып, есепті теңестіріп кетті. Қорытынды есеп — 1:1.
Біздің команда келесі ойынды түзде өткізеді. 10 қазан күні жігіттеріміз Павлодар қаласында жергілікті «Ертіс» командасының қонағы болады.