«Қызылжар» әйелдер командасы «Елімайды» ойсырата жеңіп, үздік үштікке енді!
«Қызылжар» әйелдер командасы плей-офф кезеңіне жолдама алу үшін күресті сенімді түрде жалғастыруда. 20 шілде күні біздің қыздар өз алаңында «Елімай» әйелдер командасын қабылдады.
Алаңға шыққан негізгі құрам: Ирина Кондрашова, Әсел Куртанова (К), Анель Бланк, Жібек Жақсыбай, Шахноза Холбаева, Нұрсая Сұлтан, Әсел Жолболат, Жансезім Айсапар, Аяжан Абдина, Асальхон Аминжонова, Варвара Ковалева.
Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ біздің қыздардың тек жеңісті көздегені айқын байқалды. Ойынның небәрі 2-минутында Жансезім Айсапар тамаша соққымен есеп ашты. Кейінірек бұрыштама доп берілген сәтте Анель Бланк керек уақытта, керек жерден табылып, команда басымдығын еселей түсті. Ал бірінші таймның аяқталуына таман Әсел Жолболат керемет соққымен есепті ірі қылды.
Екінші таймда да қызылжарлықтардың шабуылы толастаған жоқ. 56-минутта Өзбекстан Ұлттық құрамасының ойыншысы Асальхон Аминжонова жеке шеберлігін көрсетіп, қорғаушылардан тамаша өтіп, ойынның нүктесін қойды – 4:0.
Бұл айқын әрі сенімді жеңіс біздің командаға турнирлік кестеде үшінші орынға көтерілуге мүмкіндік берді.