Қостанайдағы маңызды жеңіс: «Қызылжар» сырт алаңда «Тобылдан» басым түсті
Кеше Әйелдер лигасының 15-туры аясында «Қызылжар» әйелдер командасы Қостанайда жергілікті «Тобыл» ұжымымен кездесті. Турнир кестесінде үшінші және төртінші орындарда орналасқан командалар арасындағы ойын өте тартысты өтеді деп күтілген еді.
Алаң иелері өз жанкүйерлерінің алдында матчты сенімді бастады. Оған қоса, Қостанайдағы +37 градус ыстық пен ойынның манежде өтуі біздің командаға ауа райы жағынан айтарлықтай қиындықтар тудырды. Дегенмен, қыздарымыз мінез көрсетіп, бірінші таймның соңына қарай есеп ашты — Жансезім Айсапар мергендік танытты. Үзіліске командалар 0:1 есебімен кетті.
Екінші тайм бастала сала біздің команда басымдықты арттырды. Оң қапталдан жеке дара алға ұмтылған Асальхон Аминжонованың тамаша пасынан кейін, Сабрина Нұржігітова допты баспен қақпаға дәл бағыттады. Ал ойынның нүктесін Әсел Жолболат қойды — ол айып алаңында шебер бұрылып, допты қақпаның алыс бұрышына салып кетті.
Бұл маңызды жеңіс команда қоржынына 3 ұпай әкеліп, плей-офф кезеңіне шығу жолындағы күресті одан әрі жалғастыруға үлкен мүмкіндік береді.
Келесі матч: 17 тамыз күні өз алаңымызда «Оқжетпес» командасын қабылдаймыз. Командамызға бірге қолдау көрсетейік!