Қатарынан жетінші жеңіс: «Қызылжар» қыздары «Астананы» ірі есеппен ұтты
1 қыркүйек күні Әйелдер лигасының ауыстырылған 6-туры аясында «Қызылжар» әйелдер командасы өз алаңында елордалық «Астананы» қабылдады.
Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ біздің қыздар алаңға тек жеңіс үшін шыққанын анық байқатты. Ойын тізгінін толықтай өз қолдарына алған командамыз қарсылас қақпасына жауапсыз жеті доп соғып, сенімді жеңіске жетті. Бұл – біздің қыздардың қатарынан жетінші жеңісі.
Кездесу барысында Әсел Жолболат дубль авторы атанса, Жібек Жақсыбай, Жансезім Айсапар, Сабрина Нұржігітова, Аяжан Абдина және Әсел Құртанова бір-бір голдан соғып, қоржынды толтырды.
Енді маусымның соңғы турында қыздарымыз Өскеменнің «Алтай» командасын қабылдайды. Матч 8 қыркүйек күні «Қарасай» стадионында өтеді. Ойынның басталуы – 17:00-де.