Қатарынан үшінші жеңіс: «Қызылжар» әйелдер командасы «Тобылды» ұтып, екінші орынға көтерілді!
Кеше біздің қыздар өз алаңында үш турдың қорытындысы бойынша 9 ұпаймен көш бастап тұрған «Тобыл» командасын қабылдады. Конференцияда екінші орынға шығу үшін бұл матчта бізге тек жеңіс қажет еді.
Мадияр Еркебайұлы Кембіловтің шәкірттері алғашқы минуттан-ақ шабуылға лап қойып, ойын тізгінін толық қолға алды. Бірінші таймның ортасында Камила Исатаева қарсыласын алдап өтіп айып алаңына енген сәтте, оған қарсы ереже бұзылды – төреші 11 метрлік нүктеге нұсқады. Жансезім Айсапардың тепкен соққысын қақпашы қайтарғанымен, Жансезім қайтқан допқа бірінші болып жетіп, матчтың есебін ашты.
Ал тайм соңына таяу Нұрсая Сұлтан айып алаңының сыртынан тамаша соққы жасап, есепті еселеді.
Екінші таймда да біздің қыздар бірінші нөмірмен ойнауды жалғастырып, басымдықты бермеді. Ойын осы 2:0 есебімен аяқталды.
Осылайша, 4 турдан кейін қыздарымыз 10 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орынға жайғасты.
Келесі ойын: 26 мамыр күні Астана қаласында тікелей бәсекелесіміз — «Жеңіс» командасына қарсы өтеді.