Нағыз мінез: «Қызылжар» соңғы минуттарда елдің жеті дүркін чемпионымен тең түсті
Қазақстан Премьер-Лигасының 22-туры аясында Петропавлдың «Қызылжар» командасы өз алаңында елдің жеті дүркін чемпионы — елордалық «Астананы» қабылдады. «Қарасай» стадионында өткен тартысты кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Ойынды біздің команда келесі бастапқы құраммен бастады: Дмитрий Челядник (Қ), Никита Губарев, Неделько Пищевич, Слободан Урошевич, Александр Соколенко, Александр Нойок, Евгений Макаренко, Йоаннес Бьорталид, Стефан Баокен, Лиридон Латифи, Этьен Бугре.
Бірінші таймда қос команда да шабуылға ден қойып, қауіпті сәттер ұйымдастырды. Қонақтар қақпамызға бірнеше рет қауіп төндіргенімен, қақпашымыз Дмитрий Челядник керемет ойын көрсетіп, команданы аман алып қалды. Ал біздің сапымыздан шабуылшы Этьен Бугре қақпашымен жеке дара шығып, есеп ашатын тамаша мүмкіндікті мүлт жіберді. Үзіліске командалар голсыз тең есеппен тарасты (0:0).
Екінші тайм тіпті шиеленісті өтті. Шабуылдардың бірінде Александр Нойоктан тамаша пас алған Йоаннес Бьорталид қонақтардың қорғаушысы Казуколовасты шеберлікпен алдап өтіп, жақын бұрышқа соққы бағыттады — өкінішке қарай, қонақтарды қақпа бағанасы құтқарып қалды. Көп ұзамай «Астана» қарымта шабуылға көшіп, Станислав Басманов әдемі соққымен матчтағы есепті ашты.
Алайда, жіберілген голға қарамастан, жігіттеріміз берілмей, нағыз солтүстік мінез көрсетті! Команда матчтың соңына дейін алға ұмтылып, соңғы минутта өз дегеніне жетті. Йоаннес Бьорталидтің айып алаңына әуелете асырған пасын Неделько Пищевич баспен тамаша соғып, матчтағы таразы басын теңестірді. Қорытынды есеп — 1:1.
Жігіттеріміз келесі матчты сырт алаңда өткізеді. 29 тамыз күні сағат 20:00-де Шымкенттегі Қажымұқан атындағы стадионда чемпионаттың қазіргі көшбасшысымен кездесеміз.