«Қызылжар» қыздарынан қатарынан бесінші жеңіс: Өз алаңымызда «Оқжетпесті» ірі есеппен ұттық!
17 тамыз күні Әйелдер лигасының 16-туры аясында «Қызылжар» футбол клубы өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпес» командасын қабылдап, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Бұл біздің қыздардың қатарынан бесінші жеңісі. Командамыздың негізгі құрамында Әсел Әнуарбек, Камила Исатаева, Жібек Жақсыбай, Карина Ботабек, Әсел Құртанова, Шахзода Холбаева, Нұрсая Сұлтан, Әсел Жолболат, Асальхон Аминжонова, Жансезім Айсапар және Сабрина Нұржігітова алаңға шықты. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ біздің қыздар тізгінді өз қолдарына алып, алға ұмтылды. Алғашқы 15 минуттың өзінде қарсылас қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырылды, алайда сәттілік жетіспеді немесе қонақтардың қақпашысы өз командасын құтқарып қалды. Дегенмен, 16-минутта Әсел Жолболат айып соққысын шебер орындап, матчтағы есепті ашты. 42-минутта Әсел Жолболаттың керемет пасынан кейін Сабрина Нұржігітова қақпашымен жеке шығып, осы маусымдағы оныншы голын соқты. 44-минутта Шахзода Холбаева қақпа алдына қауіпті пас асырған сәтте, қарсылас қорғаушысы қателесіп, өз қақпасына автогол соғып алды. Бірінші таймның аяқталар тұсында Нұрсая Сұлтан жойқын соққымен есепті 4:0-ге жеткізді. Екінші таймда біздің қыздар гол соғатын тағы бірнеше мүмкіндікті қолдана алмағанымен, Асальхон Аминжонованың тамаша пасынан кейін Айсәуле Төлеева мергендік танытып, қорытынды есепті 5:0 етіп орнатты. Осы жеңістен кейін «Қызылжар» қыздары турнирлік кестенің үшінші сатысында қалды және плей-офф кезеңіне жолдама беретін екінші орынмен арадағы айырмашылық небәрі екі ұпайды құрайды. Келесі кездесуді біздің команда 25 тамыз күні сағат 16:00-де Павлодарда «Ертіс» командасына қарсы өткізеді.