21.09.2026

Керемет камбэк: «Qyzyljar U21» Талдықорғанда 0:3 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестірді!

Керемет камбэк: «Qyzyljar U21» Талдықорғанда 0:3 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестірді!

16 қыркүйек күні Екінші лиганың («Солтүстік-Шығыс» конференциясы) 23-туры аясында жастар командамыз нағыз солтүстік мінез көрсетіп, түздегі ойында жауынгерлік тең нәтижеге қол жеткізді — 3:3.
Кездесудің басталуы бапкерлер штабы шәкірттері үшін өте ауыр болды. Талдықорғандық алаң иелері ойынды қарқынды бастап, 21-минутқа дейін қақпамызға үш доп соғып үлгерді. 3:0 есебі кезінде көптеген командалардың сағы сынып кетері анық еді, бірақ «Qyzyljar U21» беріле салу біздің клубтың қағидасына жатпайтынын дәлелдеді.
Ойынға қайта оралудың алғашқы белгісі бірінші таймның соңында болды. Үзіліске сәл қалғанда жігіттеріміз пенальти ұтып алды. Нүктеге команда капитаны Жантөре Молдабаев келіп, он бір метрлік айып соққысын мүлтіксіз орындады — 3:1.
Екінші таймда алаңда «Қызылжар» толықтай үстемдік етті. 67-минутта өзінің зор әлеуетін 17 жастағы Абылайхан Кенжадоев тағы бір мәрте паш етті: жас шабуылшы қорғаушылар мен қақпашыны шеберлікпен алдап өтіп, есеп айырмасын барынша қысқартты.
Сенімділігі артқан солтүстік ұжымы қысымды үдете түсті, ал 81-минутта бұл шабуылдар өз жемісін берді — Глеб Логиновский құтқарушы голды соғып, таразы басын теңестірді! Қалған уақытта біздің команда төртінші голды соғып, ғажайып жеңісті жұлып алуға тамаша мүмкіндіктер жасады, алайда төрешінің ысқырығы аса голға бай тең есепті тіркеді — 3:3.
Команда алаңда соңғы секундқа дейін шайқасып, темірдей төзім мен нағыз жігіттерге тән қайсар мінез көрсетті!
Келесі матчты «Qyzyljar U21» өз алаңында өткізеді. 7 қазан күні төл «Қарасай» стадионында жігіттеріміз павлодарлық «Ертіс» командасын қабылдайды.

Поделиться: