Freedom QJ League B: «Қызылжар U18» өз алаңында есе жіберді
Бүгін Freedom QJ League B турнирінің 13-туры аясында «Қызылжар U18» өз алаңында «Хан Тәңірі U18» командасын қабылдады. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ алаңда өте шиеленісті әрі тартысты күрес өрбіді. Бірінші таймда біздің жігіттерде де, қарсыласта да гол соғатын тамаша мүмкіндіктер болды, алайда екі команданың да қақпашылары өз деңгейінде өнер көрсетті. Үзіліске командалар 0:0 есебімен тарасты.
Екінші таймның басында қонақтар есеп ашты. Айып алаңындағы қарбаласты сәтті пайдаланған Тимур Дешко қателікті аңдып, командасын алға шығарды. Бұдан кейін біздің ойыншылар таразы басын теңестіру үшін бар күшін салып шабуылға көшті. Өкінішке қарай, кейде қарсылас қақпашысы командасын құтқарып қалса, кейде сәттілік жетіспей жатты. Ойынның соңында шабуылға берілген біздің жігіттер қауіпті қарымта шабуылды өткізіп алды, нәтижесінде қорғаушымыз Мәди Асқар өз қақпасына гол соғып алды (автогол).